Sevde Kalafat
1 жыл бұрын - 4 Dakika, 40 Saniye

Қазақстан латын әліпбиіне көшуді жоспарлап отыр

Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне көшуге тапсырма берді. Назарбаев 2018 жылдан бастап латын әліпбиімен басылған мектеп оқулықтарын дайындау қажеттігін, ал 2025 жылға дейін барлық кітаптар мен мерзімді басылымдардың латын әліпбиімен басылуы керектігін айтты. Ресми құжаттарды да латын әліпбиінде жүргізуге көшу қажеттігін ескертті.


Қазақстан латын әліпбиіне көшуді жоспарлап отыр


Қазақстан Президентінің ресми сайтында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың соңына дейін латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеуді ұсынып, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды.

Назарбаев өз мақаласында латын әліпбиіне көшудің саяси себептері бар екенін айта келе,  Қазақстанда түрлі әліпбилердің қолданылуына қатысты тарихи мәлімет те келтіреді.

Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін қазақтардың араб әліпбиін қолданғанын, 1929 жылы латын әліпбиіне көшу жайлы қаулы қабылданғанын, 1940 жылы кирилл әліпбиіне көшірілгенін айта кетеді.

Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдар мен қоғам белсенділерінің пікірін ескере отырып, қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу қажеттігіне тоқтала келіп, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу керектігін айтып өтеді.

Жоспарға сәйкес, алғашқы кездері кирилл және латын әліпбилері қатар қолданылатын болады.

18 миллион тұрғыны бар Қазақстанда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ресми тіл ретінде қолданылады.

Дереккөзі: Қырым Ақпарат агенттігі