Dilek Özdemir
1 жыл бұрын - 5 Dakika, 56 Saniye

Ежелгі Фаселис қаласы – жұпар иістер мекені

Ежелгі Фаселис қаласы – жұпар иістер мекені

      

Ежелгі портты қала Фаселистің іргетасын б.д.д. 693 жылы Родос аралы тұрғындары қалаған. Византия дәуірінде епископтық орталық болған бұл кентті Брут б.д.д. 42 жылы Рим империясының құрамына қосқан болатын.

Қаланың негізгі күн көрісі теңіз сауда-саттығына тікелей байланысты еді. Алғашқы кездері қаланың ауыз суға деген қажеттілігін өтеу үшін құдықтар мен су цистерналары қолданылған. Рим империясы дәуірінде акведук салынып, сол арқылы Адриана Агорасының арт жағындағы бір төбеге су жиналатын болған. Су құбырлар және каналдар арқылы қалаға жеткізіліп отырған.

Қаланың қалдықтары әскери порт пен оңтүстік портты бір-бірімен жалғап жатқан көшенің екі жағында сақталған. Ұзындығы 125 метр, кеңдігі 20-25 метр болатын көшенің екі жағында да үш баспалдақ арқылы шығатын тротуарлар төселген. Оңтүстік портқа дейін созылатын бұл көшенің ортасында алаң бар. Тегіс етіп төселген тас көшенің астында кәріз жүйесі мен құбырлар орналасқан.


Ежелгі Фаселис қаласы – жұпар иістер мекені


Фаселисте үш порт бар. Ал қаланың көрнекті жерлеріне келетін болсақ, орта және оңтүстік порттардың арасын жалғап жатқан колонналары бар көшені, теңізге жақын жердегі төбеге тақай салынған театрды, Рим моншасын, агораларды, төбе үстіндегі акропольды, су ағатын арықтарды және Адриан қалаға келген кезде оның құрметіне тұрғызылған Адриан қақпасын ерекше атап өтуге болады.

Бүгінде жергілікті және шетелдік туристер үшін бір күндік демалыс орны болып саналатын Фаселис ежелгі дәуірде «жұпар иістер қоймасы» деп аталған. Өйткені ежелгі шаһар орналасқан аумақта өсімдіктер мен шөптердің алуан түрі өте бітік өсетін көрінеді.


Ежелгі Фаселис қаласы – жұпар иістер мекені


Фаселистің айналасын қарағай ормандары қоршап жатқандықтан, қала жазда да қоңырсалқын болып тұрады. Сондықтан Фаселисті аралаудың өзі – бір ғанибет. Табиғат қойнауында емін-еркін тыныстауға мүмкіндік беретін Фаселистің жағажайлары да өте тамаша. Қаланың үш мүйісінің кез-келгенінде орналасқан жағажайға барып, теңізге шомылып, күнге қыздырынуға болады. Табиғат құшағында, теңіз жағалауында тарих пен мәдениет байланыса өрілген бұл антикалық қаланы міндетті түрде көруге кеңес береміз.