Sevde Kalafat
1 жыл бұрын - 9 Dakika, 11 Saniye

Түркі әдебиетінің дана жырауы «Қорқыт ата»

Профессор доктор Фуат Көпрілінің былай дегені бар еді: «Таразының бір жағына бүкіл түркі әдебиеті жауһарларын, екінші жағына Қорқыт атаны қойсаң, Қорқыт ата жағы ауыр басады». Түркі әдебиеті және тілі үшін үлкен маңызы бар Қорқыт ата кітабы оғыздардың басынан өткергенін баяндайтын өтпелі кезең туындысы болып табылады. Түркі тілінің ең мықты туындыларының бірі болып саналатын шындық пен қиял астасып жатқан прозалық туынды, дастан болмаса да дастанға татитын шығарма деуге болады. Кіріспемен басталатын Қорқыт ата кітабы бір-бірінен бөлек, бірақ қаз-қатар қойылғанда мағыналық жағынан тұтастығы бар 12 бөлім-жырдан құралады. Баяндау түрі қарапайым, айқын және дастан ырғағында жазылған. Қорқыт ата кітабының бірі Дрезденде және біреуі Ватиканда сақталған екі нұсқасы бар.

Түркі әдебиеті үшін маңызы зор бұл туындының авторы Қорқыт ата деген кім?

Түркі әдебиетінің дана жырауы «Қорқыт ата»

Оғыздардың Баят руынан шыққан, келешек жайында мәліметтер беріп, қобыз шалып, дастан айтатын, Қорқыт ата делінетін түркі жырауы.

Ендеше туындының кіріспесіндегі Қорқыт атаға қатысты ақпараттар бөлігіне көз жүгіртейік:

«Расул Алейхиссалам кезеңіне жақын кезеңде Баят руынан Қорқыт ата деген бір сәуегей пайда болды. Ол оғыздың нағыз біліктісі, келешекті болжаушысы болатын. Дегенінің барлығы айна қатесіз келуші еді. Ғайыптан түрлі хабарды айтатын. Хақ Тағала оның көңіл көзіне барлығын көрсететін еді. Қорқыт ата былай деді: Заман ақыр болғанда хандық қайтадан Кайының қолына өтеді. Оны ақыр заман келіп, қиямет төнгенге дейін ешкім олардан ала алмайды.

Бұл айтқаны Осман ұрпағы, көргеніңіздей жалғасып жатыр.

Сондай-ақ бұл сияқты көп болжаулары бар.

Қорқыт ата оғыз тайпасының барлық қиындығын шешетін. Нендей өтініші бар болса орындайтын. Ел оның сөздерін бұлжытпай іске асырушы еді». Заманының дана кейіпкері Қорқыт ата айтқан өсиет және ақылдарымен бүгінімізде де бағдар іспетті.

«Қорқыт ата дейтұғын: Алланы ауызға алмай істер оңалмайды. Тәңірі бермейінше ер байымайды. Маңдайына жазылмаған болса құлдың басына қаза келмейді, ажал уақыты келмей ешкім өлмейді. Өлген тірілмейді, шыққан жан қайтып келмейді. Жігіт тірісінде қара таудай қылып, тірнектеп май жыяды, бірақ нәсібіндегіден артығын жей алмайды. Гүрілдеп сулар тасыса да теңіз бола алмайды. Менмен, тәкаппар адамды тәңірі сүймейді, басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңірі бақ бермейді. Жұрттың ұлын асырағанмен өз ұлыңдай болмайды, өсе келе тастайды да кетеді, көрдім демейді. Күлді қанша үйсең де төбе болмайды, күйеу ұл болмайды. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмайды, күңге көйлек кигізгенмен ханым болмайды. Жапалақтап қар жауса да, жазға қалмас, жапырақты жасыл жусан күзге қалмас, Ескі мақта бөз болмайды, ескі дұшпан дос болмайды. Қара тұлпар атты қимайынша жол алынбайды, қара болат қылышты қимайынша дұшпан алынбайды, ер малына қимайынша аты шықпайды. Қыз анадан көрмейінше үгіт алмайды, ұл әкеден көрмейінше сапар шекпейді. Ұл-әкенің орнын басатын екі көзінің бірі. Дәулетті ұл болса ошақтың қоры. Ұлы әкесін қайтсін, өлгенде қалатын малы болмаса. Әке малынан не пайда, баста дәулет болмаса. Дәулетсіздіктен Алла сақтасын ханым сізді!» сөздерімен Қорқыт ата әдебиет тарихының қадірлі тұлғалары арасында орын алады.