Türkan Hüseynova
1 жыл бұрын - 6 Dakika, 19 Saniye

Әзірбайжанның шипалы балшығы

Әлемнің 42 елінде балшықты жанартаулар бар. Әзірбайжан әлем бойынша балшықты жанартаулар ең көп орналасқан ел ретінде белгілі. Балшықты жанартаулардың 1/3 –і Әзірбайжан жерінде, олардың жалпы көлемі 16000км² аумақты алып жатыр. Әлемдегі 2000-нан астам балшықты жанартаудың 344-і Әзірбайжанның шығысында және онымен шекаралас Каспий теңізі жағалауында орналасқан. Әзірбайжанда балшықты жанартаулардың барлық түрлері (белсенді жанартау, сөнген жанартау, көмілген жанартау, мұнай шығатын жанартау, суасты және арал жанартаулары) бар.

Әзірбайжанда балшықты жанартаулар негізінен, Апшерон жарты аралында, Шамахы-Гобустанда, Төменгі Күриан шұңғымасында, Баку архипелагында және Грузиямен шекаралас аймақтарда көп.


Әзірбайжанның шипалы балшығы


Балшықты жанартаудың емдік қасиеттері мен пайдалары:

Жанартау суының құрамында йод, бор, бром, ал жанартау балшығының құрамында пайдалы микроэлементтер бар. Сондықтан жанартау балшығы кейбір ауру түрлерін емдеуде пайдаланылады. 1980 жылдардан бастап-ақ Әзірбайжанның он алты медициналық мекемесінде жүйке жүйесі мен тері ауруларын емдеуде, сондай-ақ полиартрит, радикулит, гепатит секілді ауру түрлерін емдеуде жанартау балшығы қолданыла бастаған.

Жанартау балшығы косметологияда да қолданылады. Бұл балшық құрамында мыс, йод, калий, магний секілді 24 минерал бар. Әзірбайжан Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатымен сатылатын жанартау балшығының тіс пен ауыз қуысын емдеуде де пайдасы мол.

Жанартау балшығы құрылыс жұмыстарында да қолданылатын табиғи шикізат болып табылады.


Әзірбайжанның шипалы балшығы


Ал жанартаудың белсенділігі жер сілкінісінен хабар беретіні белгілі. Жер сілкінісі болар алдында жанартаулардың белсенділігі артатын көрінеді. Жер бетіне шыққан газ бен минералды судың химиялық құрамын зерттей отырып, жердің сілкінетінін алдын-ала болжауға болады.

Балшықты жанартаулар экотуризмді дамытуға да себепкер болып отыр. 2009 жылы Әзірбайжанның балшықты жанартауларына қатысты әзірбайжан, орыс және ағылшын тілдерінде жол көрсеткіш кітап жарыққа шығарылды. Ал Бакуге келген туристерге 25 балшықты жанартауды қамтитын туристік саяхаттар ұсынылады.

Әзірбайжандағы балшықты жанартаулар мемлекет қорғауындағы табиғи ескерткіш мәртебесіне ие.